Қырғызстанның арнайы қызметі қазақстандық кәсіпкерге іздеу жариялады

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Қамшы Көлбаевтың (Қамшыбек Асанбек) қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінген қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековке іздеу жариялады. Арнайы қызметтің мәліметінше, ол "Бауырлық шеңбер" деген атпен танылған топқа мүше болған.

"Ерқанат Жұмабеков "заңды ұры" Қамшыбек Асанбекпен ақша бопсалау, кәсіпкерлерден ақша жинау, ТМД елдеріндегі бизнес мүддесін жүзеге асыру, экономикалық жобаларды ілгерілету мақсатында тығыз байланыс орнатқан. Онымен достасып, Ыстықкөлдегі «Барыс» демалыс базасының аумағында бірнеше рет кездескен. Қамшыбек Асанбектің жақын туыстарына Алматыға келгенде түрлі көмек көрсеткені анықталды" деп жазылған хабарламада.

Қазақстандық кәсіпкер мен оның адвокаты әзірге ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Бұған дейін ҰҚМК Көлбаев ісі аясында өзге елдердің кәсіпкерлеріне де іздеу жариялаған еді.

Тамыз айында ҰҚМК қазақстандық кәсіпкер және Ыстықкөл облысындағы "Симирам" демалыс орнының иесі Ясынжан Таировқа іздеу жариялаған.

Оның алдында мамырда тағы бір қазақ кәсіпкері, Vertex Gold тау-кен өндіру компаниясының иесі Владимир Жұманбаевқа халықаралық іздеу жарияланды. ҰҚМК одан Көлбаевтың қылмыстық тобы қаржыландырды деп күдіктенді. Осыдан кейін көп ұзамай Жұманбаев Қырғызстанға барды. Қырғызстанның арнайы қызметі ізінше оған қатысты тиісті тергеу шаралары жүргізілгенін, оған тағылған айыптар алынғанын, сотқа дейінгі тергеу амалдары тоқтатылғанын хабарлады.

2024 жылы тамызда осыған ұқсас іс ресейлік кәсіпкер Capital Group иесі Павел Тёге қарсы қозғалды, алайда оның ісі де көп ұзамай тоқтатылды.

Қырғызстанда "қылмыстық топтың жетекшісі" ретінде танылған Қамшы Көлбаев 2024 жылы 4 қазанда ҰҚМК-ның арнайы операциясы кезінде атып өлтірілді. Оның мүлкі мемлекетке берілді. Содан бері оған қатысы бар адамдар ұсталып жатыр, кейбірі түрмеден босатылған.