КРЕМЛЬ СТАМБҰЛҒА КІМДЕР БАРАТЫНЫН ЖАРИЯЛАДЫ
Ресей президенті Владимир Путин өзін бетпе-бет жүздесуге шақырған Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуге бармайтын болды. Кремль бұл ақпаратты Стамбұлда кездесу өтетід деп жоспарланған 15 мамырға санаулы сағат қалғанда жария етті.
Ресми хабарламада Түркияға Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастап баратыны айтылған. Одан бөлек Ресей делегациясы құрамында Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей қарулы күштері бас штабы басқармасының (ГРУ) жетекшісі Игорь Костюков, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин және төрт "сарапшы" бар.
Бұрын Ресейдің мәдениет министрі болған Мединский қазіргі биліктің бас идеологы ретінде танымал. Ол Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашқаннан кейін, 2022 жылы көктемде Стамбұлда және Минскіде Украина өкілдерімен өткен, алайда еш нәтижесіз аяқталған келіссөздерде де Ресей делегациясына жетекшілік еткен.
Your browser doesn’t support HTML5
Стамбұлдағы келіссөз өтпей қала ма? Путин кімдерді "ақымақ" деді?
УКРАИНА МЕН АҚШ ҰСТАНЫМЫ
Бұған дейін Ресей президентін Стамбұлда бетпе-бет кездесуге шақырған Зеленский егер Путинмен кездесетін болса, атысты толық тоқтатуды және тұтқын алмасуды ұсынатынын айтқан. Ол әуелде егер Путин Стамбұлдағы кездесуге бармаса, келіссөз мүлде болмайды деп мәлімдеп, бірақ кейін ол ұстанымын өзгерткен.
14 мамыр күні кешке, Кремль Ресей делегациясының құрамын жариялағанға дейін, Зеленский Стамбұлдағы келіссөзге Ресей жағынан кім қатысатыны белгілі болғаннан кейін ғана Украинаның келесі қадамы қандай болатынын айтамын деген. Әзірге Украина жағынан Стамбұлдағы келіссөзге кім қатысатыны белгісіз.
Бұған қоса, Зеленский бейсенбіде Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеспекші деп хабарлады Батыс ақпарат құралдары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамптың өкілі Вашингтон Мәскеу мен Киевке қандай талап қойғанын айттыСәрсенбі күні Таяу Шығыста сапармен жүрген АҚШ президенті Дональд Трамп Стамбұлдағы кездесуге мемлекеттік хатшы Марко Рубио барады деп мәлімдеген. Бұған дейін Трамп Стамбұлдағы Ресей-Украина кездесуі жоғары деңгейде өткен жағдайда оған өзі де қатысуы мүмкін екенін жоққа шығармаған еді. Ол Түркиядағы келіссөзден "жақсы нәтиже" болады деп күтетінін мәлімдеген. Трамп мұны Кремль Стамбұлға жіберетін делегация құрамын жарияламай тұрып айтты.
АҚШ президентінің арнаулы өкілі Стив Уиткофф те Стамбұлға баратынын журналистерге мәлімдеген. Рубио мен Уиткофф Стамбұлға 16 мамырда, Ресей мен Украина келіссөзі өтеді деп жоспарланған күннің ертесінде бармақшы.
АҚШ мемлекеттік хатшысы бейсенбі күні Анталияда өтетін НАТО елдері сыртқы істер министрлерінің жиынына қатыспақ. Сәрсенбі күні Анталияға барған Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мемлекеттік хатшы Рубиомен кездесіп, бейбіт келіссөзге қатысты Киевтің ұстанымын жеткізгенін айтты.
ҮМІТ АҚТАЛА МА?
Әлем қауымдастығы Стамбұлдағы келіссөз Киев пен Мәскеу Еуропа құрылығында Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан бергі кезеңдегі ең ірі қантөгіс пен қайғы-қасіретке әкелген соғысты тоқтату туралы бейбіт келісімнің бастауы бола ма деп үміттенген. Алайда Ресей мен АҚШ президенттері қатыспаса, ол үміт ақталатындығына сенім аз дейді сарапшылар.
Ресейлік тәуелсіз саясаттанушы Наталья Шавшукова "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Путиннің негізгі діттегені – АҚШ президентімен кездесу деді.
"Путин бір ғана нәрсені – Трамппен тікелей жүздесуді көздеді... Ал Украина екі басшының кездесуіне ілік болды", – деді Шавшукова. Ол Путин дәл қазір Украинамен бейбіт келісім жасауға мүдделі емес деген пікірде.
Le Monde басылымына берген сұхбатында Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак Путиннің 15 мамыр күні Түркияда өтетін келіссөзге келмеуі "Мәскеу бейбітшілікті қаламайтынын, шын келіссөзге дайын емес екенін" білдіреді деді.
"Біз Ресейге сенбейміз... Бірақ біз бұл қақтығысты аяқтағымыз келеді, сол себепті келіссөздің кез келген форматын қабылдауға дайынбыз", – деді Ермак басылымға.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бітім жайлы сөз болып жатқанда Ресей Украинаға 108 дронмен шабуылдаған"Настоящее время" арнасына берген сұхбатында Литваның Швециядағы елшісі Линас Линкявичюс ірі өзгеріс болады дегенге сенбейтінін, тараптар ұстанымындағы алшақтық үлкен екенін айтты.
"Украинаның мүддесі жайлы, [Ресейдің] құқықтық жауапкершілігі жайлы айтылып жатқан жоқ. Бірақ бұл өте маңызды еді. Өйткені осы қылмыстың бәрін сол ел, оның басшысы жасады, – деді Линкявичюс. – Мұның бәрін ысырып қойып, біз тек бизнеспен айналысамыз деуге болмайды".
Линкявичюс Ресей бұрынғыша қақтығыстың "түпкі себебі" жайлы уәжін айтады деп болжайды.
"Басқаша айтқанда, бітім болмайды, – деді ол. – Меніңше, олар қазір уақыт созу үшін әдейі баяу қимылдап, жазғы әскери науқанға дайындалып жатыр".