Украиналық делегациямен келіссөз кезінде Ресей жағы соғысты тоқтату үшін бірнеше шарт қойды деп жазды келіссөзден хабары бар дереккөздерге сүйенген Bloomberg.
Басылым Мәскеудің Киевке төмендегідей талаптар қойғанын жазды:
- Украина бейтарап мәртебесін қабылдауы керек – Украина аумағында шетел әскері мен жаппай қырып-жою қаруы болмауы керек;
- Киев Мәскеуден соғыс шығынын өтеуді талап етпеуі керек;
- Украина Қырым мен төрт облыстан айырылғанын мойындауы керек. Ресей делегациясы президент Владимир Путин Украина Донецк, Луганск, Харьков, Запорожье облыстарынан өз әскерін толық әкеткеннен кейін атысты тоқтатуға келіседі деп айтқан. Кремль сонымен бірге бес аймақты халықаралық қауымдастық та Ресей жері деп мойындауы керек деген.
Агенттіктің жазуынша, бұл талаптар АҚШ ұсынған бейбітшілік жоспарына кереғар. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған қалай реакция танытатыны белгісіз.
Еуропалық шенеуніктердің бірі осы аптадағы оқиғалар Трампқа Ресейдің бейбітшілік жоспарына қалай қарайтынын түсінуге көмектесетін болар деп үміт білдірді және АҚШ қатаң реакция білдіруі керек деген. Кейбір шенеуніктер Трамп Мәскеуге жанама санкция енгізеді деп санайды.
Ресми тұлғалардың айтуынша, кейінгі аптада АҚШ-тың Ресейге қатынасы қатайған және Трамп әкімшілігінің шенеуніктері Путинді бейбітшілік келісіміне кедергі болып отырған басты тұлға ретінде қарастырып отыр.