Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде тұтқындар өздерін жарақаттады

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Новоукраинка ауылындағы қауіпсіздігі жоғары колонияда тұтқындар түрмедегі "адам төзгісіз жағдай мен басшылықтың қысымына" наразылық ретінде өздерін жарақаттады. Бұл жөнінде тұтқындардың жақындарының сөзіне сүйенген Orda.kz жазды. Жергілікті қылмыстық атқару-жүйесі департаменті тұтқындардың өздерін жарақаттағанын растап, мұны "тыйым салынған заттарды тәркілеуге қарсылық" ретінде сипаттады.

"Менің ұлым асқазанына шеге сұғып, ішегін жаралаған. Оған дәрігерлерді кіргізбегенін естідік. Бес сағат бойы қансырап жатқан. Түрмеге жедел жәрдем көлігін кіргізбеген. Оның себебін білмейміз. Түрме басшылары бізге ештеңе деп айтпады. Балаларымыз жазаларын алды, енді олармен не үшін мұндай қарым-қатынас жасайды?" деді тұтқындардың бірінің шешесі Людмила Мельникова.

Оның сөзінше, ұлы Саумалкөл ауылындағы ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Оны ұлына жібермеген. Айтуынша, түрме бастығы дәрігерге оның ұлын видеоға түсіруге де рұқсат бермеген. Дәрігер ұлының аш ішегі зақымданғанын айтқан.

Туыстарының сөзінше, түрмеде 15 тұтқын өздерін жарақаттаған.

"Жігіттер қан тамырларын кесуге тырысқан. Қолдарын жарақаттаған. Оларды зембілмен алып кетті. Кейбірі қауіпсіз орындарға жасырына алған. Түрмеде осындай жағдай бұрыннан бар. Балалар ондағы бассыздықтар туралы үнемі айтады. Арандататынын да айтқан. Олар көмек сұраған. Жан айқайымыз осы. Астанадан уәкілетті органдар келгенін қалаймыз" деді тұтқындардың бірі Татьяна Лапина Орда сайтына.

Туыстарының айтуынша, түрмеде қарапайым жағдай жоқтың қасы. Көрпе-жастық, медициналық көмек жоқ. Түрме әкімшілігі тұтқындарға қысым көрсетеді деген.

Солтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тұтқындардың денелерін жарақаттағанын растады.

"Солтүстік Қазақстан облысының №51 мекемесінде үш сотталушыдан тыйым салынған заттар тәркіленді. Соған байланысты түрме режимімен келіспеген сотталушылар өздерін жарақаттады. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Олардың бірі бөгде затты жұтып қоюына байланысты қалалық ауруханада жатыр. Операция жасалды. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, денсаулық жағдайы қанағаттанарлық" деп жазылған департаменттің хабарламасында.

Туыстары тұтқындарға қысым күшейе ме деп қорқады.

Қазақстан түрмелерінде наразылық ретінде тұтқындардың өздерін жарақаттауы жиі кездеседі. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған белсенді Марат Жыланбаев түрме әкімшілігінің өзіне сурет салып, жүгіруге рұқсат бермегені үшін аузын тіккен.

Құқық қорғаушылар түрмеде мұндай оқиғалардың көбеюіне көп жағдайда түрмедегі азаптау мен қысым түрткі болатынын айтады. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді.