Жыланбаевтың әйелі белсендінің жеке заттары тәркіленгенін айтты. ҚАЖД жоққа шығарды

Марат Жыланбаев отырған қамау мекемесі. Ақмола облысы Степногорск кенті, 19 маусым, 2024 жыл.

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының лидері, марафоншы Марат Жыланбаевтың «төсек жаймаларын, дәрі-дәрмегі мен басқа да жеке заттарын түрме басшылығы алып кетті» деп хабарлады Азаттыққа оның әйелі. Ал қылмыстық атқару жүйесі департаменті мұны жоққа шығарды.

14 мамырда Марат Жыланбаев отбасына қоңырау шалып, түрме қызметкерінің төсек жаймасы мен беті-қол сүртетін орамалын алып кеткенін хабарлаған.

- Марат әдетте сәрсенбі сайын қоңырау шалып, қал-жағдайын айтатын еді. Бүгін ол ерекше қобалжып, қоңырау шалды. Оның төсек жаймасын, беті-қол сүртетін орамалын алып кеткен. Сағатын, дәрі-дәрмегін, күнтізбесін де алып кеткен. Және мұның себебін түсіндірмеген. Ол қауіпсіз орын ретінде әлі тәртіптік изоляторда жатыр. Марат мұның бәрін әдейі жасалып отырған моральдық қысым деп санап отыр, - деді әйелі телефон арқылы.

Марат Жыланбаев сәуірде бастаған аштық акциясын 4 мамырда - 40 күн толғанда тоқтатқан. Жұбайы оның ағзасы әлсіреп, диарея басталғанын, дәрігер "Линекс", "Фистал" дәрілерін бергенін айтты. Оның сөзінше, Марат қаншама протест жасаса да әлі күнге дейін не сурет салуға, не жүгіруге рұқсат берілмей отыр.

– Ол әлі күнге дейін хат-хабар жолдай алмайды және екі айдан бері оған келген газет-журналдар да берілмейді. Ол құқық қорғаушыларға енді оған газеттер жібермей-ақ қоюды айтуды өтінді. Ол жаймаларын алып кеткен соң еденге жатып ұйықтауға мәжбүр. Маған «келесі сәрсенбіде менен хабар болмаса өзіне бірдеңе болғаны деп түсініңдер» деді. Мен не істерімді білмей отырмын, - деді әйелі.

Азаттық Степногорскідегі №4 мекеменің бастығы Қанат Тұлақовқа бірнеше рет қоңырау шалғанымен ешкім тұтқаны алмады. Азаттық Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың ахуалына қатысты ресми сауал жолдады. Жаңалық жазылып жатқан сәтте жауап келмеді.

15 мамырда күндіз қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттыққа ақпаратты жоққа шығарды.

"Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Оның заттарын тартып алған жоқ" деп жазылған жауапта.

2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.

Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға шақырып келеді. International Partnership for Human Rights ұйымы жақында Жыланбаевқа бұлдыр әрі нақты емес тұжырымдармен тағылған айыптар оның бейбіт оппозициялық қызметі үшін кек алу мақсатында қозғалған деп мәлімдеді.